“Дабысына табысы сай” делінген ғой. Осы сөз отандық түсті металлургияның алыптары шоғырланған өндірісті өңір атақ-даңқы алысқа жаңғырыққан сайын құлақ түбінде күмбірлеп тұрғандай болады. Мыс өндіруден әлемдік әлеуетті шоғырдың алдыңғы ондығы сапына шыққан, алтыны, күмісі, мырышы жағынан да бәсекелесі шамалы “Қазақмыс” корпорациясының күш-қуатын асырған Балқаш пен Жезқазған соны қыз-қыз қайнатқан ортаны көзге елестетеді. Арқаның алқасы атанған бұл қарашаңырақтардың одан сайын кеңейген тынысы, серпінді өрлеуі еліміз экономикасының бірегей бетбұрысына берік тірек болып келеді.
Мемлекет басшысы мысты аймаққа жұмыс сапарын Балқаштан бастады. Ірге көтергеніне биылғы көктемде 70 жыл толған қаланың көркі кіріп қалған. Бұған дейінгі солғын өңі мүлдем өзгеріп, жайнап-жарқыраған келбеті қоңыр күздің осынау әдемі күндерімен ажарланған көшелері бойында иін тірескен жұрт Елбасының өз орталарына келуін қуанышпен қарсы алды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдымен “Балқаштүстіметалл” ӨБ құрылысын аяқтаған күкірт ангидридін тұту зауытына келді. Мұндай кәсіпорынның Балқашта салынуы себепсіз емес. Шағын шаһардағы өндіріс ошақтарының мұржаларынан көтерілген түтін аспанын торлап, ауасынан газ иісі аңқып, тымық күндерде тарқамай тынысты тарылтып тұратыны тұрғындар жанына көптен батып жүрген жәйт болатын. Сондықтан бұл мәселені біржола шешу бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС Канаданың “Кеметикс” фирмасының жобасын таңдап, елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған істі бастаған болатын. Оның салыну құны 34230,4 мың долларды құрайды. Бүгінде негізгі жұмыстары аяқталып қалған зауыт таяу арада толық қуатында жұмыс істеуге көшеді.
Елбасы цехтарды аралап, орнатылған құрал-жабдықтарды көрді. Газдың сүзілуін, күкірттің тұтылып қалуын, түтіннің мөлшерден тыс жайылмауын қамтамасыз ететін озық технологияны таныстырған зауыт мамандары, сондай-ақ оның қалай қолданылатындығына түсіндірме берді. Олар баяндағандай, күркірт диоксиді 99,5-99,7 пайызға дейін тұтылып, бұған қоса тиімді жағы — күкірт қышқылын өндіруге болады. Бағалы металдар өңдеуге аса қажетті бұл өнім шетелдерден сатып алынып жүр. Енді бірлестік алдағы уақытта оны өзі өндіріп, оған мұқтажын қамтамасыз ете алады. Өндірісті қоршаған ортаға залал-зияны тимейтіндей жаңаша құруға бағытталған осындай шара Жезқазғандағы мыс қорыту зауытында да жалғасып жатқандығы айтылды.
Елбасы ұжым мүшелерімен кездесуде:
– Маған металлург ретінде балқаштықтар еңбегі жақсы таныс. Бүгін қала өміріндегі үлкен оқиғаның куәгері болып тұрмыз. Көп жылдан бері сіздердің көңілдеріңізді мазалап келген өзекті мәселені шешуге мүмкіндік туды. “Қазақмыс” корпорациясы бұдан былай қарай ауаның ластануынсыз жұмыс істейтін өндірісті құрды. Бұл — іс осындай талапқа сай бейімделген дүние жүзіндегі екінші кәсіпорын. Мұндай таза экологиялық жобаның іске асуының аймаққа ғана емес, еліміз үшін маңызы зор. Ол Қазақстанның өсе түскен әлеуетті мүмкіндігін көрсетеді, – деді.
Кездесуде сөз алған зауыт жұмысшысы Нұрғазы Жексенбаев, учаске бастығы Берік Әліпов және басқалары Мемлекет басшысының ел экономикасын одан әрі дамыту жолындағы саясатын қолдап, Балқаштың экологиялық жағдайын жақсартуға арналған тікелей қамқорлығына ризалықтарын білдірді.
Осыдан соң Нұрсұлтан Назарбаевты қаланың төрінде орнатылған Ағыбай батырдың ескерткіші алдына жиналған қалың қауым күтіп тұрған еді. Биіктігі 5,5 метр тұғырдағы қоладан құйылған әйгілі баһадүр тұлғасы асқақ көрінеді. Балқаш көлінің маңайындағы Тасаралдан Кенесары ханның қолына қосылып, азаттық күреске ақтық деміне дейін адал болған даңқты қолбасшы бейнесін қарағандылық мүсінші Жаубасар Қалиев сомдапты.
Жаңа ескерткіш жанында жиналған балқаштықтармен Нұрсұлтан Әбішұлы емен-жарқын амандасып, халқымызға ортақ мақтаныш батырдың ескерткіші ашылуымен құттықтады.
Балқашта кейінгі жылдарда өзгерістер көп. Әсіресе, сәулетті ғимараттар қатары көбеюі шаһар шырайын аша түсіп отыр. Соның бірі қалалық сот үйі саналады. Осында болған Елбасы назарынан судьялардың жұмыс істеу жағдайы да тыс қалмады.
Мемлекет басшысы сонымен бірге қаладан шеткергі тұста, көлдің әсем бір қолтығында орын тепкен “Балқаштүстіметалл” ӨБ сауықтыру орнында болды. Бұдан 35 жыл бұрын салынған онда жыл сайын 3 мыңға жуық адам денсаулықтарын түзей алады. Оның бірлестік еңбеккерлеріне өте қолайлы жағы — өндірістен қол үзбей-ақ ем-дом қабылдауларына мүмкіндігі бар. Мұның сыртында емделуге болмашы ғана ақы төленетіндігі қай-қайсысының дер кезінде тексеріліп, денсаулықтарын қалпына келтіруге әсер етеді.
Былтырдан бастап оны толық жөндеуден өткізу, жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол кеңейтіліп, көркейтілісімен осы заманғы озық үлгідегі санаторийлік орталыққа айналмақ. Жаңа медициналық диагностикалық және реабилитациялық құралдармен жабдықталады. Өткен жылы бұл мақсатқа 4243,5 мың доллар жұмсалса, биыл қосымша 4976 мың доллар бөлінген.
Елбасы шипажайды аралап көру кезінде дәрігерлермен әңгімелесіп, емделушілерден медициналық қызметке талап-тілектерін сұрап білді. Президент былай деді:
– Балқаштың өндірістік ошақ болуымен қатар, туризм орталығына айналуға мүмкіндігі бар, қаланың және көлдің экологиялық жағдайы жылдан-жылға сауығып келеді. Бұл аймақта қазақстандықтардың демалып тынығуына қолайлы жағдайлар жасала түсуде. Еліміздің көрікті аймақтарының бірі саналатын Балқаш аймағындағы туризмді дамытуға инвесторлар тарту қажет. Ендігі міндет – бұл өңірді көпшіліктің сүйсіне демалатын орнына айналдыру керек.
Балқаштан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сәтбаев қаласына келді. Кейбір жерлерге таңқалдырарлықтай құбылыстар бұл жақта бүгінде қалыпты көрініске айналып барады. Мәселен, Сәтбаев шаһарындағы спорттық-сауықтыру кешенінің бір өзі сырт көзді тамсандырмай қоймайды. Экономикалық дамумен қатар, әлеуметтік сала әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан “Қазақмыстың” жұмысшылары мен қызметшілері тыныс-тіршіліктерін қызғылықты етуге ештеңе аянбайтындығы аян. Соған аталған кешен айғақ. Алыстан төңкерілген алып шарды елестететін, ауа үрленіп көтерілген, аумағы атшаптырым жеңіл шатырлы үш ғимарат іші қысы-жазы спортты серік еткендерден арылмайды.
Сәтбаевтықтардың үлкен-кішісінің сүйікті орны болып табылатын мұнда футболмен де, жүгірумен де, жүзумен де, хоккеймен де шұғылдануға есік ашық. Ал дүбірлі жарыстарда 2500 жанкүйер сыйып кетеді.
Осындағы спорт кешенінде “Қазақмыс” корпорациясының құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті. Өтпелі кезең қиындығында өндірісі тоқырап, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалуға қауіп төнген бұрынғы “Жезқазғантүстіметалл” өндірістік бірлестігін дер кезінде қолтығынан демеп, алға дамуға тартқан “Самсунг Дойчланд Гмбх” фирмасы болатын. Осындай мықты инвестордың табылуы арқасында ол аз уақытта еңсесін қайта түзеп, түлеп-жаңаруға бет бұрды. Қазір “Қазақмыс” корпорациясының қамқорлығындағы Жезқазған, Балқаш өңірлеріндегі өндіріс ошақтары еліміз экономикасының берік тірегіне айналды. Бүгінде аталған компания жылына 430 мың тонна жоғары сапалы шақпақ мыс, 70 мың тоннаға жуық мырыш, 750 тонна күміс және 4 кило алтын шығаратын әлемге әйгілі өндіріс алыбы.
– Қазақстан индустриясының бесігі әрі қарашаңырағы болып табылатын Жезқазған аймағының екінші тынысы ашылып, қайта өрлеуіне “Қазақмыс” корпорациясының қосып отырған үлесі үлкен. Бұдан 10 жыл бұрын бұл жақ қиын жағдайды бастан кешіргені ұмытыла қойған жоқ. Талай жылдар бойы өңір тыныс-тіршілігінің негізі болып келген мыс өндірісінің құлдырауы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тығырыққа тірелуіне әкеліп соққаны естеріңізде. Сондай күрделі шақта “Қазақмыс” компаниясы мемлекеттік мақсат-мүддеден шығып, аймақтағы өзгерістерге өркен жайдырды. Соның жақсы нышандарына жезқазғандықтар мен балқаштықтардың бүгінгі өмірдегі кең тыныс-тіршілігі айғақ.
Еліміз дамудың жаңа бағытына бет түзеп отыр. Кешегі алға қойған міндеттер қандай күрделі болса, келешек көкжиегін кеңейтуге көзделген мақсаттар одан да биік. Әлемнің дамыған елдерінің ортан беліне қосылу, қай салада болмасын бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көріну – стратегиялық бағыт.
Алдағы жылдарда ел экономикасы екі есеге өседі. Экономиканың жақсаруы өмірдің барлық саласын алға тартады. Демек, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсуіне жол ашылады деген сөз. Мұның бәрі еліміздің ертеңгі болашағы жастар үшін жасалып жатыр. Қазір бүкіл әлемге танылған жаңа Қазақстанның келешегі солардың қолында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік салтанатқа қатысушыларға арнаған сөзінде.
Бұл мерекелік жиында сөз алған “Қазақмыс” корпорациясының ұжымы мүшелері атынан Тұрсынбек Мақышев, Галина Смирна және басқалары Елбасының мемлекетіміздің қуатын нығайтып, бедел-мерейін өсіру бағытындағы салиқалы саясатына, зор еңбегіне алғыстарын жеткізді.
Кеше өндірістік өңірге жұмыс сапары барысында Президент Н.Ә.Назарбаев Жезқазған мыс қорыту зауытында болды. Мұнда өндірісті технологияландырудағы, автоматтандырудағы, Балқаштағы сияқты қоршаған ортаны жақсарту мақсатындағы іс-шаралармен танысты.
Мемлекет басшысы Жезқазған қаласында жақында пайдалануға берілген “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының сәулетті ғимаратын аралап көрді. Оның алдында жиналған қауымға еліміздегі демократиялық жаңарудың жарқын көрінісіне айналған Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларында аймақ сайлаушыларының да үлкен белсенділік танытқандығын атап өтті.
Өркені өскен өлке үлкен өзгерістер үстінде. Жезқазған мен Балқаш отандық индустрияның көшбасшылық орнын нығайту жолында үлгілі үдерістерін өрістете түсуде.
Кәсіпорынды аралап шыққаннан кейін Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Онда еліміз экономикасының жаңа серпінмен дамуында Қарағанды облысының жетекші орын алып отырғандығына оң баға берілді.
Авторы: Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
"Егемен Қазақстан" |