Абылай хан алаңындағы батырлар сайысы
1822 жылы наурыз айында Қасым ханның тоқалы ұл тауып, Көкшетаудағы қоныстанған елге үлкен қуаныш әкеледі. Қасымханның кенже баласының шілдеханасына үш жүздің атақты билері, рубасылары, батырлары келген еді. Жиналған ел баланың атын Наурызбай деп қояды.
Ат жарыста жиырма жасар Кенесарының аты бірінші келгенде Қасым ханның қуанышы екі есе тасыды. Сонда баяғыда Абылай заманында ерлік көрсеткен қарт батырлар айтқан екен: «Ей, Қасым хан, нәрестең бізді бір қуантса, бір ұлың өзінің батырлық тұлғасымен көзге түсіп отыр. Осы жерде қазір үш жүздің ең мықты, қазақтың бетке ұстайтын, намыс жібермейтін жас батырлары жиналған екен. Баяғыдай Бурабай көлінің жағасында Абылай алаңында батырлар сайысын өткізіп, Кенесарыны сыннан өткізбейміз бе? Кезінде ұлы бабаң бізге, бесқарулы ержігітке он талап қоюшы еді, олар: «күресте жеңу, аударыспақта басым түсу, садақ тартқанда құралайдың көзіне тигізу, құрықпен, шоқпармен өнер көрсету, асау атты үйрету, бүркітпе түлкі алу, бәйгеде мәреге алғаш жету, қылыштасуда көзге түсу, найзаласуда жауын қаңбақтай ұшыру, найза атуда нысанаға дөп тигізу». Сонда Қасым: «Қадірлі халайық, қадірлі қарт батырлар: «Есіл ер ел үшін туады» деуші еді, сіздердің ақылдарыңыз ақыл екен. Орда бұзатын халқымызға қамал болатын жас батырларымызды сыннан өткізу ел алдында үлкен борыш», - дейді.
|